ҚАЗАҚ ЭТНОГЕНЕЗІНДЕГІ ЭТНОНИМДЕРДІ МИФОЛОГИЯЛЫҚ – ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ (С. ҚОНДЫБАЙ ЗЕРТТЕУЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ)
https://doi.org/10.47649/vau.2021.v63.i4.03
Аңдатпа
Мақалада қазақ этногенезіндегі “Алаш”, “Эфталит” “Алан”, т.б. атаулар дың шығуы жаңа қырынан талданады. Маңғыстаулық зерттеуші С. Қондыбайдың қазақтың шығу тегіне қатысты этнонимдік атаулар туралы жаңаша пікірлері пәнаралық әдістер мен мифтік ұғымдар мен түсініктерді лингвистикалық талдау арқылы тұжырымдалады. Оның қазақ тарихының арғы кезеңінің евроазиялық және түркілік көне өркениеттермен байланыстылығы туралы пікірлері сараланады. С.Қондыбай “Алаш” аңыздарының мифтік болмысын ашып, ұлтымыздың алғашқы атауының түбі терең дәуірлермен сабақтастығын пәнаралық әдістермен дәлелдеуге тырысты. Пәнаралық тәсілді қолданған ол, жазба дәстүрі ұмытылған көшпелі қазақ халқының көне тарихының мифтік негізін ашып, лингвистикалық талдауға басты мән берді.
Қазақты құраған тайпалардың өздерінің аңыз-мифтерінде, этногенезінде сақтап қалған Алаш атауының матриархат кезеңімен байланыстылығын негіздейді.
С.Қондыбай Алаша ханның алапестігін секпілдікпен, яғни “күн тектілікпен” (солярный герой) байланыстырып, қазақтың түп атасы Алаш атауын арғы замандарда(мифтік кезеңде) адамзатқа өмір сүруді, қоғам құруды үйреткен тәңіриенің халық жадында сақталған аты екенін ғылыми түрде дәлелдеуге тырысты.
Адамзат өркениетінің ортақ бастаулары туралы гипотезаларды С.Қондыбай Пуруравас Айла мен Қалша Қадырдың ұқсастығы арқылы көрсетіп, протоқазақ бабалардың үндіарийлермен кездескенін, кейін үнді эпостары сюжеттеріне және қазақ мифтеріне негіз болған деген тұжырым жасайды.
“Алаш хан” немесе “Алаша хан” атауы ежелден бері ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, халық аузында сіңіп кеткен идеомаға айналған, сондықтан оны протоқазақ этностары пайдаланған. Осыған орай, С. Қондыбай “Алаш” этнонимін “Қалаш”, “Қал” (матриархат дәуірі немесе арийлік кезең), “Жеті ал” (эфталит кезеңі), алан (І-ІV ғғ.), Алшын (ХІV-ХVІІ ғғ.) атауларымен байланыстырады.
Зерттеуші”Алшын”, “Алау”, “алан” этнонимдері Қара – Азау - Каспий теңіздері аралығындағы Хазар мен бұлғарлармен этникалық байланысты көрсетіп, орыс, осетин, адыг халықтары мен түркі халықтарының ортақ қайнарларының болғанын дәлелдейді. Оның Алшындардың түркі тумаластарынан ертеректе бөлініп, “қазақтықты” бағзы замандарда бастап, кейінгі түркілік мемлекеттердің этникалық құрылымына ықпалын негіздейді.
Рецензия
Дәйектеу үшін:
Zhumabayeva Zh. ҚАЗАҚ ЭТНОГЕНЕЗІНДЕГІ ЭТНОНИМДЕРДІ МИФОЛОГИЯЛЫҚ – ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ (С. ҚОНДЫБАЙ ЗЕРТТЕУЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ). Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Хабаршысы. 2021;63(4):24-32. https://doi.org/10.47649/vau.2021.v63.i4.03
For citation:
Zhumabayeva Zh. MYTHOLOGICAL-LINGUISTICAL ANALYSIS OF ETHNONYMS IN KAZAKH ETHNOGENESIS (BASED ON S. KONDYBAY'S RESEARCH). Bulletin of the Khalel Dosmukhamedov Atyrau University. 2021;63(4):24-32. https://doi.org/10.47649/vau.2021.v63.i4.03